Қазақстанның сүтпен қамтамасыз етілуі: QazaqSut палатасының түсіндірмесі

БАҚ-та ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың елдің 100 пайыздық сүтпен қамтамасыз етілуі туралы тезисі талқылануда. Осыған байланысты біз түсіндірме беруді қажет деп санаймыз.

Жалпы ел өзін шикі сүтпен толық қамтамасыз етеді, алайда терең өңделген сүт өнімдері бойынша (май, ірімшік және сүзбе) импортқа тәуелді. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 3,6 млн тонна сүт өндірілді. Демек, ішкі өндіріс қазақстандықтардың негізгі сүтке деген қажеттілігін артығымен өтейді.

Өнім түрлеріне жеке тоқталсақ (сүт, қышқыл сүт өнімдері, сары май), өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өзін-өзі дерлік толық қамтамасыз еткен (88–96%). Ағымдағы жылы да сүт өндірісінің артуына байланысты оң үрдіс байқалады.

Сонымен қатар ірімшік пен сүзбе бойынша импортқа тәуелділік сақталуда. Бұл өндірісті дамыту, Беларусь пен Ресей ірімшіктерінің «экспансиясымен» бәсекеге түсу қажеттігі туралы мәселені біз үнемі көтеріп келеміз және Үкіметпен, ҚР АШМ-мен диалог жүргізудеміз. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сүт өнімдерінің импорты 183 мың тоннаны немесе 410,7 млн АҚШ долларын құрады. Бұл шикі сүтке шаққанда шамамен 600 мың тоннаға тең, бұл Министрдің сөзін растайды.

Сүт өнімдерінің импорты бар екендігі әртүрлі алаңдарда үнемі айтылып келеді, соның ішінде ҚР АШМ өкілдері де бірнеше рет атап өткен (оның ішінде 23 қыркүйектегі Министрдің брифингінде де айтылды).

Қорытындылай келе, Қазақстан өзін сиыр сүтімен іс жүзінде толық қамтамасыз етеді, алайда терең өңделген сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділік бар.